Алматыда үшінші қаржы көрмесі ашылды
АЛМАТЫ. 19 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы «Мега» ойын-сауық орталығында қаржы өнімдерінің үшінші көрмесі ашылды.
Көрмеге Қазақстанның ең ірі брокерлік компаниялары - «BCC Invest», «CAIFC», «Centras Securites», «Reeal Invest», «Premier Capital», «BTA Securites» «Континент» инвестициялық қаржылық тобы және Жеке инвесторлар клубы, АӨҚО академиясы, сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары қатысып отыр. Көрме аясында оқу семинарлары ұйымдастырылып, биржада сауда жасау, қор нарығының құралдары, құнды қағаздармен жұмыс жасау және ықтимал тәуекелдер жөнінде ақпарат беріледі.
Көрме жұмысы 21 қарашаға дейін жалғасады.
Көрмені ҚР Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі «ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007-2011 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде ұйымдастырып отыр. «Үшінші рет өткізіліп отырған көрмеде қаржы нарығының қатысушыларынан инвестициялау туралы ақпарат алу, компаниялармен келісімшарттарға отыру, кеңес алу мүмкіндігіне ие болады. Басты мақсат - тұрғындарды қаржы ұйымдарының қызметтері, жеке инвестор ретіндегі қор нарығындағы қызмет, құнды қағаздарды сатып алумен таныстыру. Көрме негізінен қарапайым азаматтарға бағытталған»,- дейді АӨҚО ҚРА төрағасының орынбасары Дархан Нұрпейісов
Өткен жылы өткізілген көрмеге үш мыңға жуық келуші қатысып, 400 адам таныстырылым семинарына тыңдаушы болған еді.