Алматыда ұсталған алаяқ көріпкелді психиатриялық ауруханаға жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алаяқтығын қаржы полицейлері ашқан алматылық көріпкел психиатриялық ауруханаға жіберілді, деп хабарлады «Астана» арнасы.
«Медеу аудандық сотының үкімімен бұл азамат қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, емделу үшін психиатриялық ауруханаға жөнелтілді», деді Алматы қаржы полициясы департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жақсылық Жақыбаев.
Еске сала кетейік, алаяқ пен оның жолдасын өткен жылы мамыр айында қолға түсірген. Ер адам қомақты ақшаға дуадан құтқарып, тіл-көзден сақтауға сөз берген. Өзінің «экстрасенсорлық» мүмкіндіктерін қарапайым электроника арқылы көрсеткен. Алайда адамдар мұны аңғармаған. Қолға түскен алаяқ тергеушіге 20 мың доллар ұсынып, жауапкершіліктен құтылмаққа әрекеттенген. Бұл үшін оның үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды.