Алматыда ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті
АЛМАТЫ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда қаласының Әуезов ауданында Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті.
Ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Бекқали Торғаев: "Ұстаз қай кезде болмасын оқу-тәрбие үрдісінде келер ұрпақтың ой-өрісі мен рухани дамуына белсенді ықпал жасайтын басты тұлға болып табылады. Ұстаз балаларға ең басты және қымбат байлық - білім береді. Болашақтың дарасы мен данасын ата-анадан соң мұғалім тәрбиелейді. Сондықтан, келер ұрпақтың ұлы болуы да, ұмыт болуы да ұстазға байланысты", деді.
Ол сонымен қатар, аудан заман талабына сай балабақшаларымен, мектептерімен, еңбегі сіңген ұстаздарымен және білімді шәкірттерімен мақтана алады деп атап өтті. "2009-2010 оқу жылында аудан бойынша 50 (өткен жылы 30) оқушы "Алтын белгіге" және 66 (26) оқушы "Үздік аттестатқа» ие болды. Биылғы бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша орташа көрсеткіш 90,12 (өткен жылы 76,1) балға жетті. Бұл қала аудандары бойынша ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, өткен оқу жылында қала бойынша 68 оқушы халықаралық олимпиадаларға қатысса, оның 52-сі біздің ауданның оқушылары болды. Олардың 34-і халықаралық олимпиадалардан жүлделермен оралды. Бұл орайда №173-ші физика-математикалық мектеп-гимназиясының оқушысы Әбдімәлік Жансаяның шахматтан әлем чемпионы атанғандығын атап өткім келеді", деді Бекқали Торғаев.
Ол сондай-ақ, қалалық "Жыл тәрбиешісі", "Жыл мұғалімі" байқауының жеңімпаздары Әуезов ауданының мұғалімдері атанғандығын атап өтті.
Салтантты жиын барысында ағартушылық саласы мен білім беру жолында белсенді қызмет жасаған бірқатар ұстаздар қала әкімі Ахметжан Есімовтың және аудан әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, білім және ғылым жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан 24 ұстазға Әуезов ауданы әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Ауданның ардагер ұстаздары жас ұстаздарды жаңа бастаған қызмет жолдарымен құттықтады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.