Алматыда үй карантинін бұзған 18 адамға айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда үй карантинін бұзған «қызыл» мәртебесі бар 18 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда үй карантинін бұзған 18 адамға айыппұл салынды

«Аshyq арқылы 14 күндік үй карантинін бұзған 18 алматылық әкімшілік жауапқа тартылды және айыппұл (30 АЕК) төледі», - деп хабарлады санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

СOVID-19 үшін ПТР тесті оң нәтижелі алматылықтар қоғамдық орындарға, Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс істейтін нысандарға барған.

Атап айтқанда, ХҚО, мейрамхана, фитнес орталық, әуежай, кинотеатр, компьютер клуб, сұлулық салоны және тағы басқа нысандардың қызметін пайдалануға тырысқан.

«Қызыл» мәртебедегі адамдар Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін нысандарға кіргізілмейді.

Құқық бұзушылардың толық тізімін мына жерден табуға болады.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті амбулатория ем алып жатқан азаматтарды өзін-өзі оқшаулау режимін бұзбауға және қоғам алдында азаматтық жауапкершілікті ұмытпауға шақырады.

Ауру жұқтырғандармен байланыста болған адамдар да өзін-өзі оқшаулап, басқа адамдарға жұқтырмас үшін адам жаппай жиналатын орындарға барудан бас тартуы тиіс.