Алматыда үйлері өртенген «Ақкент» тұрғын үй кешенінің тұрғындарына қандай көмек көрсетіледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі құрылыс салушымен бірлесіп «Ақкент» тұрғын үй кешені тұрғындарына пәтерлерді қалпына келтіруде қолдау көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы әкімдігі 1 тамызда өрт кезінде зардап шеккен «Ақкент» тұрғын үй кешенінің тұрғындары өрттің салдарын жою үшін қажетті көмек алатынын хабарлады.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша тұрғын үй кешенін салушы - «Ayt housing Complex» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілді, оның қорытындысы бойынша мынадай шешімдер қабылданды:
- 2 қыркүйекке дейін «Ақкент» тұрғын үй кешені пәтерлерінде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру;
- құрылыс салушының қаржысы есебінен кіреберіс алаңдарына жөндеу жүргізу;
- құрылыс салушының қаржысы есебінен есіктер мен терезелерді ауыстыруға, құтқару операциясы барысында тартылған балкондарды жөндеуге жұмсалатын шығындарды өтеуге;
- пәтерлерде әрлеу жұмыстарын жүргізу (левкас/қабырғаларды, төбелерді бояу (жөндеуден кейінгі жұмыстарды тұрғындар өздері жүргізеді);
- барлық жұмыстарды аяқтап, тұрғындардың пәтерлерге 20 қыркүйектен кешіктірмей кіруіне рұқсат беру;
- пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде тұрғындарға уақытша тұру бойынша шығыстарды өтеуге немесе ТЖ желісі бойынша шаралар аясында тұрғын үй беруге;
- қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендерге денсаулыған қалпына келтіру бойынша, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (мамандандырылған емдеу, емдеуге жатқызу) аясында медициналық көмек көрсету.
Еске салайық, біз бұған дейін Алматыда 16 қабатты үйде өрт тұтанғанын хабарлаған едік.
Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде оқшауланып, сөндірілді.
Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.
Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.
Кейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бір адамның қаза тапқанын хабарлады.
Өрттен зардап шеккен тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.
Марқұм Әсел Бекмұхаметованың отбасына қажетті көмек көрсетіледі.
Жерлеу рәсімі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаражота ауылында өтеді.
«Ақкент» тұрғын үй кешенін салушы компания Әсел Бекмұхамбетованың отбасына екі бөлмелі пәтер беретін болды.
Осы өртке қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.