Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтар жасаған 232 қылмыстың беті ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалығымен Ішкі істер департаментінің бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарын қорытындылаған отырыс өтті. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Алматы ІІД бастығы Серік Күдебаевтың айтуынша, қалада криминалдық жағдай толық бақылауға алынған. Бірінші жартыжылдықта ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару секілді қылмыстар - 33,3 пайызға, ақша бопсалау - 9,5 пайызға, автокөлік ұрлау - 9,3 пайызға, тонаушылық - 6,3 пайызға, пәтер тонау - 4,4 пайызға азайған. Ұйымдасқан қылмыстық топтар жасаған 232 қылмыс, солардың ішінде төрт рет адам ұрлау фактісі, 9 - ақша бопсалау, 15 - заңсыз қару сақтау дерегі және заңсыз есірткі айналымына қатысты жеті қылмыстың беті ашылды.

ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасының есебінде тұрған 28 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершіліке тартылды. Сонымен қатар, қылмыстық ортаның төрт беделді серкесі және қылмыстық қоғамдастықтың екі көшбасшысы ұсталды.

Өз сөзінде А. Есімов Алматы қаласының тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар ішкі істер органдарын қаржыландыруды арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Соңғы үш жыл ішінде ІІД-іне 55 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 6,9 млрд. теңге аталмыш саланы материалдық-техникалық жағынан нығайтуға бағытталды.

«Қаржылық қолдау көрсетудің және материалдық-техникалық базаны нығайтудың арқасында қылмыстылыққа қарсы тиімді әрекет етуге және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалды. Дейтұрғанмен, жаңа технологиялар және озық халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, жұмыс істеудің жаңа тиімді әдістерін енгізу қажет. Кез-келген қаланың беделі - оның өз тұрғындарын ғана емес, қонақтарының да қауіпсіздігін лайықты қамтамасыз ету мүмкіндігінен құралады», - деді әкім.

Ол сонымен қатар, ІІД бюджеті 20,1 млрд. теңге көлемінде бекітілгенін атап өтті. Яғни бұл, 2014 жылмен салыстырғанда 2,7 млрд. теңгеге артық. Оның ішінде 12,4 млрд. теңге немесе 64 пайызы қала бюджетінен бөлініп отыр. 2013-2014 жылдары 258 жаңа автокөлік сатып алынды. Бұл ІІД автопаркінің үштен бір бөлігін жаңартуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда қала бюджетінен тағы да 97 автокөлік сатып алуға 501 млн. теңге бөлу көзделген.

А. Есімов тиісті органдарға қалада криминогендік жағдайды жақсарту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Мысалы, олардың ішінде шет елдік азаматтар тарапынан жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылық әрекеттердің жолын кесу және алдын алу бойынша көші-қон полициясының жұмысын күшейту, айыппұлдарды өтеп алудың тиімді механизмдерін қарастыру, аудан әкімдерімен бірлесе отырып, қалған аулаларға бейнекамералар орнату жұмыстарын жалғастыру, қасақана жалған ақпарат тарату әрекеттеріне қарсы дер кезінде барабар әрекет жасау секілді тапсырмаларды айтуға болады.

Соңғы жаңалықтар