Алматыда үздік мейірбикелер марапатталды

 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін Халықаралық медбикелер күніне орай өткен мерекелік шара барысында қаланың үздік мейірбикелері анықталды.

Алматыда үздік мейірбикелер марапатталды



Салтанатты жиын барысында 18 үздік маманға арнайы грамота табыс етілді. Жеңімпаздардың барлығы 100 мың теңгеден сыйлық алса, қатысушылардың барлығы 30 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлығына ие болды. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қатысушылардың теориялық білімі симуляциялық орталықта тексеріліп, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінен құралған конкурстық комиссиямен сұхбат жүргізілді.

Айта кету керек, кәсіби мереке қарсаңында Алматыдағы барлық медициналық мекемелерде түрлі іс-шаралар өтті. Олардың басты мақсаты мейіргер мамандарының статусы мен мәртебесін арттыруға, олардың кәсіби және жеке қасиеттерін үздіксіз жетілдіруге жағдай жасау.

«Еліміздің мемлекеттік саясаттында алғашқы басымдық халық денсаулығын қорғауға бағытталған. Қазіргі таңда бұл мақсатқа кол жеткізу денсаулық сақтау саласының тұрақтылығы мен тиімді даму жағдайында ғана мүмкін екені белгілі. Халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы оның уақытылы көрсетілуі, алдын-алу шараларының, емдеу мен қайта қалпына келтірудің дұрыстығы арқылы белгіленсе, бұл компоненттерді сәтті жүзеге асырылуының негізі - мейірбикенің еңбегі, оның кәсіби шеберлігі болып табылады. Бүгінгі күні мейіргер мамандардың әлеуметтік миссиясы ізгілік және мейірімділікпен ғана шектелмейді, олар халық денсаулығын сақтауда, медициналық көмектің қолжетімділігі мен оңтайлылығын арттыруда маңызды рөл ойнайды», - деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жанар Кенжебаева.

Басқарманың мәліметіне сенсек, қалада 9 мыңға тарта орта медициналық қызметкер жұмыс істеп келеді. Олардың 2 мыңы мейірбике ісі бойынша жоғары білімге ие.