Алматыда үздік журналистер марапатталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үздік журналистер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев «Мың бояулы қала - Город тысячи красок» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
«Үздік газет мақаласы» санаты бойынша «Түркістан» газетінің тілшісі Динара Желдібаева жеңімпаз атанды. Ал «Үздік радиоматериал» номинациясы бойынша екі журналист - «Астана» радиосының музыкалық редакторы Әйгерім Біләлова мен «Қазақ радиосының» журналисі Аман Тасыған жүлдені өзара бөлісті. Қазақтардың Дүниежүзілік қауымдастығы сайтының редакторы Ерлік Кебекбай ғаламтордағы үздік материал номинациясын жеңіп алды. Үздік инфографика жүлдесін «IGRAPHIC» дизайн бюросының бас директоры Бағлан Айдашов алса, Жанна Ахметова әлеуметтік желілерде үздік посттары үшін марапатталды. Максим Золотухиннің жұмыстары үздік фотоматериалдар деп танылды, ал «Үздік телевизиялық сюжет» номинациясы бойынша «Хабар агенттігі» АҚ Алматы филиалының тілшісі Ұлан Нарынбек пен «Астана» телеарнасының журналисі Әділ Өнербаевтар жеңімпаз атанды.





