15:48, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматыда үздіксіз экономикалық білім беру мәселелеріне арналған республикалық конференция өтеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда қаңтардың 20-21 күндері «Үздіксіз экономикалық білім беру: оқыту мен әдістемелік қамтамасыз етуді модернизациялау» деген IV республикалық оқу-әдістемелік конференция өтеді.
Конференцияның ұйымдастырушылары ? ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті (ҚазЭУ), деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш жоғары оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. Конференцияға шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындары, ғалымдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, арнаулы және орта білім мекемелері, қайта даярлау және біліктілікті жетілдіру бағдарламаларының ұйымдастырушылары қатысады. Олар үздіксіз білім берудің инновациялық әлеуетін, заманауи ақпараттық жүйелерді қолдануға негізделген жаңа білім беру технологиялары мен оқыту әдістерін, Қазақстандағы бизнес-білім беру мәселелері және тағы да басқа мәселелерді талқыға салмақ. Конференция аясында «Білім алушылардың шет тілдік дайындық деңгейлерін арттыру мақсатында инновациялық оқыту технологияларын қолдану» және «Экономикалық мамандықтар бойынша үздіксіз оқытуды ұйымдастыру мәселелері» тақырыптары бойынша «дөңгелек үстелдер», «Бизнес-білім беру жүйесіндегі менеджерлерді дайындаудың заманауи технологиялары» атты семинар ұйымдастырылады. Сонымен қатар шетелдік және отандық білім беру және әдістемелік бағдарламалардың таныстырылымдары, экономикалық және бизнес-әдебиеттердің көрме-жәрмеңкелері жоспарланып отыр.