Алматыда үздіксіз экономикалық білім беруге арналған конференция өз жұмысын бастады

Оның жұмысына Білім және ғылым министрлігі департаменттерінің басшылары, РОӘК оқу-әдістемелік секция мүшелері, шетелдің және Қазақстанның ЖОО-ның, ғылыми және бизнес ортаның өкілдері, колледж, орта мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы, бизнес-білім, қайта даярлау мен біліктілікті көтеру бағдарламаларын ұйымдастырушылар қатысуда.
Үш күнге созылатын конференция барысында «Жоғары білім сапасын кепілдендіру жүйесі», «Үздіксіз экономикалық білім беру және бизнес жағдайындағы оқытудың жаңа технологиялары», «Адамзат капиталының дамуы: білім беру құрылымдарының үлесі» атты тақырыптар талқыланатын болады. Шара аясында қазақстандық ЖОО-ның білім беру үрдісіне ECTS-тің, есептеу және кредитті жинақтаудың Еуропалық жүйесі енгізілуіне арналған семинар, «Білім беру бағдарламаларын құзыреттілік тұрғысынан жобалау» атты дөңгелек үстел отырысы мен «Білім берудегі көшбасшылықты дамыту» және «ЖОО-дағы корпоративтік басқару» тақырыбында шеберлік сыныптар өткізілмек.
Ал оқу-әдістемелік секциясның мәжілісінде ҚР жоғары білім беру стандарттарын ECTS талаптарына сәйкестендіру, Қазақстандағы ЖОО-да оқитын студенттердің академиялық белсенділігі мен экономикалық білім беру бағдарламаларында оқу-әдістемеліктермен қамтамасыз ету мәселелері қаралмақ.
Конференцияның ашылу салтанаты «2010 жылғы кітап нарығындағы Қазақстандағы оқу және оқу-әдістемелік басылымдарға библиографиялық шолу» атты көрменің ашылумен басталды.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін ректоры Әли Әбішев: "Конференция тәжірибе алмасуға ықпал етіп қана қоймай, білім беруде, оқу процесін ұйымдастыруда жаңа әдістемелер мен инновациялардың дүниеге келуіне ықпал ететін алаң боларына сенемін", -деді. Жиында ол білім саласының әлем бойынша алатын орнын, сонымен қатар, ЖОО-ның 2020 жылға дейін қабылданған жаңа стратегиясын айтып өтіп, бағдарлама бойынша университеттің Ұлттық халықаралық аккредитациядан өтуі қажет деп атап өтті.
Оның айтуынша, бұл конференция білім саласы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламадан кейін бірінші рет өткізілгелі отыр. Әли Әбішевтің пікірінше, үздіксіз экономикалық білім беру мектепке дейінгі білім беру кезінен басталуы керек.
Аталмыш шара барысында үш күн бойы оқу орнында экономикалық және бизнес әдебиеттер көрме- жәрмеңкесі өтеді.