Алматыда ұжымдық иммунитет қалыптаса бастады – Бақытжан Сағынтаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Халықты жаппай вакцинациялау ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына ықпал етуде. Бұл туралы «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфир барысында Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ұжымдық иммунитет қалыптаса бастады – Бақытжан Сағынтаев
Оның айтуынша, Алматы қаласында коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал 20 қазаннан бастап тұрақтана бастады. Оптимистік болжамға сәйкес, тәулігіне 300-ге дейін жағдай тіркеліп отыр.
«Пандемия басталғаннан бері Алматыда КВИ-дің 177,2 мың жағдайы тіркелді, биылғы жылдың басынан бері – 158,7 мың адам вирус жұқтырды. дерттің апталық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда бір апта бұрынғы 113,9-дан 89,5-ке дейін және тәуліктік өсім 0,14-ке дейін төмендеді. Оның үстіне, инфекцияның берілу индексі 0,98-ден 0,88-ге дейін азайды»,- дейді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, ол алдын ала жүргізілген профилактикалық шаралар коронавирустың төмендеуіне ықпал еткенін тілге тиек етті. Ең басты тиімді шара – жаппай вакциналану, соның арқасында ұжымдық иммунитеттің артуы байқалады. «Бүгінгі күні ресми тіркелген халық санының 54,4%-ын құрайды. Халықтың ресми санының 46,5%-ы екі компонентпен вакциналанды, ал жыл басынан бері ауырып жазылған адамдардың 7,9%-ы екпе салдырды»,-деді ол. Соңғы тәулікте қалада коронавирус инфекциясы 230 адамнан анықталды.
Оның 222-і симптомды. Бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 1056 ересек адам және 28 бала ем қабылдап жатыр.