Алматыда вакциналаудан босатылғандар мәселесі қайта қаралады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда COVID-19-қа қарсы вакцинацинадан босатылған 350 мың адамға қатысты мәселе қайта қаралады. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасында тікелей эфир кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматыда 2 млн тұрғын бар. Оның 1,1 млн вакцинацияға жатады, 900 мың адам қалады. 545-550 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар. 350 мыңы вакцинадан босатылғандар. Яғни, олардың вакцинадан босатылды деген медициналық анықтамалары бар»,- дейді әкім.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, вакцина салудан босатылғандар қайта қаралады.
« Дәл сол уақытта ол адамдар сырқаттанып қалған шығар, әртүрлі себептері болды. Енді біз барлық жағдайды қайта қарастырамыз деп ойлаймын. Себебі 350 мың адам – бұл тым көп. Мүмкін, олар қазір екпе салдыруға дайын болар», - деді Алматы әкімі.