Алматыда велосипед бекіткіші бар автобустар пайда болды

Автобустың алдыңғы бөлігіне орнатылған құрылғыға велосипедті орналастыруға болады. Осылайша велосипедші алыс жерлерге автобуспен жетіп алып, сапарын ары қара велосипедімен жалғастыруге мүмкіндігі бар.
Инновациялық жоба Қазақстанда бұқаралық велоспортты дамытуға оң ықпал етеді. Алматы қаласының әкімдігі бұл бастаманы Хоум Кредит банкінің қаржылық қолдауы арқасында жүзеге асырды.
«Алматыда 23 км велосипед жолы салынды, алайда олар бірімен бірі ұштаспайды, соның салдарынан велосипедшілер қаланың бір бұрышынан екінші жағына қиналып жетеді. Бұл мәселені шешу үшін біз осы жобаны жасадық. Қазіргі кезде велосипед бекітілетін бекіткіштер №29, №45 бағыттағы автобустарға орнатылды. Алғашқы автобустар қаланың орталығы мен шет аудандарын, саябақтар мен Медеу аумағын байланыстырады, бұл жерлерде қала тұрғындары мен балалар велосипед тебуді жақсы көреді. Осылайша, қоғамдық көлік арқылы велосипедті қалаған жеріне жеткізіп, әрі қарай жүре беруге болады. Бұған дейін велосипедті автобустың ішіне кіргізіп, алып жүру қиындық келтіретін», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Мақсұт Исахов.
Айта кету керек, велосипедті алып жүру қызметі тегін. Бекіткіштер Еуропа, АҚШ, Ресей тәжірибелерін негізге ала отырып, қоғамдық көлік үшін арнайы жасалды.
Қалалық әкімдік болашақта велоспортты дамыту мақсатында тиісті инфрақұрылым жасақтауды жоспарлап отыр.