Алматыда веложарыс өтуіне байланысты жол қозғалысы шектеледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 20 тамыз - спорт күніне байланысты әуесқой спортшылар арасында «Tour of World Class Almaty» веложарысы өтеді. Осыған қарай, Алматының бірқатар көшелерінде жол қозғалысы шектеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда веложарыс өтуіне байланысты жол қозғалысы шектеледі

Жарыстың мәре сызығы Розыбакиев көшесінің бойында «Mega Alma-Ata» сауда орталығына қарама қарсы аймақтан басталады.

Таңғы 7:00-ден 13:00 арасында төмендегі кесте бойынша көшелер жабық болады.

Қатысушылар 14 шақырымдық, 34 шақырымдық, 57 шақырымдық қашықтықтарды бағындырады.

«Биылғы жарыс өте қызық болмақ. 57 шақырымдық қашықтықта Алматыдағы белгілі велокомандалар: Almaty Bro Team, World Class Almaty, Alatau Racing Team, Apple City Team, Isker Company, Good Energy топтары бақ сынайды. Бүгінде 750 адам тіркеуден өтті. Қазір орталықтар старт нөмірлерін таратып жатыр», - деді «Алматы марафон» директоры Салтанат Қазыбаева.

Биыл қатысушылар жылдағыдан өзге бағыт бойынша жарысады.

«Қауіпсіздік мақсатында шлемі, старттық нөмірі бар спортшылар, сондай-ақ, велокөлігінде техникалық ақауы жоқ спортшылар ғана жарысқа жіберіледі», - деді «Tour of World Class Almaty» бас төрешісі Сергей Гуцалюк.