Алматыда VI қазақстандық мектеп оқушыларының «Зерде» республикалық байқауының ақтық кезеңі өтеді

АЛМАТЫ. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда 5-6 қаңтар аралығында 1-7-сынып оқушыларына арналған зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық байқауының ақтық кезеңі өтеді.

Алматыда VI қазақстандық мектеп оқушыларының «Зерде» республикалық байқауының ақтық кезеңі өтеді

Оны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы Алматы қаласы Оқушылар сарайымен бірлесе ұйымдастырып отыр. Байқаудың мақсаты балалардың танымдық қызығушылықтары және зияткерлік-шығармашылық әлеуетін ынталандыруға бағытталған.

Байқаудың алдына қойылған өзіндік міндеттемелері бар. Соның негізінде, оқушыларды мектеп жасынан ғылыми ізденіс жұмыстарына тарту, ғылыми-техникалық және зияткерлік шығармашылыққа қабілетті дарынды балаларды қолдау және басқа да мәселелерді қолға алуды көздейді.

Шараға 300-дей оқушы қатысқалы отыр. Олар қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, информатика-математика, физика-техника, медицина, тарих-этномәдениеттану, биология-химия-экология, география-өлкетану секциялары бойынша сынға түседі.

Байқау қорытындысында жеңімпаздар әр секция бойынша 1-4-сынып оқушылары және 5-7-сынып оқушылары болып 2 жас ерекшіліктеріне байланысты анықталады. Жеңімпаздар дипломдар және жүлделі сыйлықтармен марапатталады.

Ал байқау қорытындысы бойынша кіші топтың үздік жұмыстары мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобасы «Мен - зертеушімін» бүкілресейлік байқауына ұсынылады.