Алматыда VI Республикалық инновациялық-педагогикалық идеялар фестивалі ашылды
АЛМАТЫ. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда «Алатау» шипажайы базасында VI Республикалық инновациялық-педагогикалық идеялар фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
Шараны «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырып отыр. Конференция білім беру ұйымдарында оқу-әдістемелік жұмыстарды жетілдіру және психологиялық-педагогикалық тәжірибенің ғылыммен байланысын нығайту, инновациялық технологияларды енгізу, үздік тәжірибелерді тарату, дарынды балалармен жұмыс жүргізуде педагогтардың жеке кәсіби даярлығын арттыру болып табылады.
«Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Ділдаш Битуова шараның жылдан- жылға қарқын алып келе жатқанын атап өтті. «Фестиваль алғаш рет 2001 жылы өткізілген болатын. Онда небәрі 74 қатысушы болып еді. Екі жылда 1 рет өткізіліп келе жатқан шараның бүгінде ауқымы кеңейген. Бұл орайда біздің барлық мұғалімдеріміздің қажырлы еңбегін атап өткім келеді», деді ол.
Фестивальға 3 жылдан кем емес инновациялық қызметпен айналысатын педагогикалық қызметкерлер, мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру, қосымша орта білім беру ұйымдарының ұжымдары, облыстардың, Астана және Алматы қалалары педагогикалық кадрлардың білімін жетілдіру және қайта даярлау институттарының 184 педагогы қатысуда.
Шара математика, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық пәндер, өнер мектептері және психология атты 5 секция бойынша өтуде.
Ертең жабылатын фестиваль қатысушыларына сертификаттар тапсырылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.