Алматыда VІІІ халықаралық ғылыми Н.Нәдіров оқулары өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 16-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - VІІІ халықаралық ғылыми Н.Нәдіров оқулары «Мұнайгаз кешенінің ғылыми-техникалық дамуы» тақырыбында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтіп жатыр.
None
None

Халықаралық ғылыми Н.Нәдіров оқулары ғылыми жұмыстар мен инженерлік саланы және оқу үдерістерін заманауи тұрғыда жетелдіру мақсатында 2001 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Алқалы жиынды ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов өзінің құттықтау сөзімен ашып, ғалымның ерен еңбектеріне тоқталып өтті. «Еліміздің жетекші университеті саналатын ҚазҰУ-де VІІІ халықаралық ғылыми Н.Нәдіров оқуларының өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай оқулар жас және тәжірибелі ғалымдардың ғылым жолындағы өз көзқарастарын ортаға салып, пікір алмасатын қоғамдық мінберге айналып отырғанын уақыт көрсетіп отыр», дейді ректор.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Н.К.Нәдіров - мұнайхимиясы және мұнай өндіру жұмыстарының қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырған әлемдік деңгейдегі ғалым, 800-ден аса жарияланымның, 27 монографияның, 300-дей ғылыми еңбектің, бес ғылыми жаңалықтың авторы. Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Құрметті мұнайшысы, КСРО ғылым танушысы, И.М.Губкин атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Құрметті инженері, Ресей федерациясының үздік халық ағартушысы, Ғылым маршалы (Франция) және тағы басқа көптеген атақтармен марапатталған.

Шара аясында заманауи мұнай-газ кешенінің ғылыми-технологиялық бағытының дамуы, отандық және шетелдік ғалымдардың жаңа идеясы мен бағыт-бағдары, тәжірибесі, мүмкіндіктері төңірегінде баяндамалар оқылып, талқылануда. Оған мұнай-газ ғылымының, техника және өндіріс саласының мамандары - студенттер, академиктер, аспиранттар және жас инженерлер, ірі өндіріс орындарының жетекшілері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен жоғары деңгейдегі менеджерлер қатысуда.

Екі күнге жалғасатын Н.Нәдіров оқуларының өтуіне "КазРосГаз" компаниясы демеушілік жасаған.

Соңғы жаңалықтар