Алматыда VІІІ халықаралық Нәдір Нәдіров ғылыми оқулары өтеді

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қыркүйектің 16-17 күндері «Мұнайгаз кешенінің ғылыми-техникалық дамуы» атты VІІІ халықаралық Нәдір Нәдіров ғылыми оқулары өтеді,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы, Атырау мұнай және газ институтының қолдауындағы бұл шара биыл "КазРосГаз" ЖШС-нің демеушілігімен Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде өтпек. Онда мұнай-газ ғылымының, техника және өндіріс саласының мамандары, жетекші өндіріс орнының басшылары, жоғары оқу орындарының профессорлары бас қосады. Олар заманауи мұнай-газ кешенінің ғылыми-технологиялық бағытының дамуы, отандық және шетелдік ғалымдардың жаңа идеясы мен бағыт -бағдары, тәжірибесі, мүмкіндіктері жөнінде ой бөліспек. ҚР Ұлттық инженерлік академиясының бірінші вице-президенті, "Мұнай және газ" журналының Бас редакторы Н.К. Нәдіров бұл жолы да алқалы жиынды өзінің пленарлық баяндамасымен бастайды.

Халықаралық Нәдіров ғылыми оқулары ғылыми жұмыстар мен инженерлік шығармашылықты және оқу үдерістерін жетілдіру мақсатын көздейді. Өзекті мәселелерді жан-жақты қарастырып қана қоймай, танымал ғалымдардың жұртшылыққа белгісіз еңбектерін таныстыруға да ерекше мән беретін бұл шара алғаш рет 2001 жылы ұйымдастырылған болатын. Бұған дейін Қазақстанның Атырау, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Орал қалаларында өткен конференция маңызды қоғамдық құбылыс ретінде 2006 жылы Ресей Ғылым академиясының Сібір бөліміндегі (Томск қаласы) Мұнай-газ институтында өткізілді.

1932 жылы қаңтардың 6-сында Әзірбайжанның Нахчыван ауданындағы Кикач ауылында өмірге келген Н.Кәрімұлы 5 жасында отбасы сталиндік қуғын-сүргінмен Қазақстанға қоныс аударған болатын. Бүгінде 88 жасқа келіп отырған Нәдір Кәрімұлы Нәдіров әлемдік деңгейдегі мұнай химиясы және мұнай өндіру жұмыстарының қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырушылардың бірі саналады. Ол 800-ден аса жарияланымның, 27 монографияның, 300 -дей ғылыми еңбектің және 5 ғылыми жаңалықтың авторы. Мұнай-газ ғылымы мен өндірісіндегі зор үлесі үшін ҚР ҰҒА академигі әр жылдары - Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Құрметті мұнайшысы, КСРО ғылымтанушысы, И.М.Губкин атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті инженері, Ресей Федерациясының үздік халық ағартушысы, Ғылым маршалы (Франция) деген сияқты көптеген атақтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар