Алматыда VIII республикалық педагогикалық олимпиада өтіп жатыр

«Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаеваның айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын бұл олимпиадаға республиканың 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 600-ге жуық адам қатысуда. Олар: педагогикалық жоғары оқу орнын таңдаған жоғары сынып оқушылары, педагогикалық колледждердің білім алушылары, педагогикалық жоғары оқу орындарының 2-4 курс студенттері, магистранттар мен 3 жылға дейінгі еңбек өтілі бар педагогтар, психологтар және тәлімгерлер. Басты мақсат - педагогтардың мәртебесін көтеру және білім беру үрдісіне заманауи технологиялар мен әдістемелерді, халықаралық тәжірибелерді енгізу. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жоғары оқу орындарының, гуманитарлық колледждердің оқытушылары, жоғары санатты мұғалімдер мен психологтардан құралған қазылар алқасы анықтайды.
Екі күндік бұл шараның қорытындысы ертең белгілі болмақ.