Алматыда вирусты қоғамдық көлікте жұқтыру қаупі 25%-ға дейін жетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов онлайн брифинг барысында ауданның эпидемиологиялық ахуалына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, 2020 жылы Бостандық ауданында барлығы 3 014 адам індет жұқтырған болса, биыл 681 адамнан коронавирус анықталды. Соңғы 3 күнде 73 тұрғын КВИ жұқтырған.
«Вирустың қайта өршуіне байланысты 2021 жылғы 10 наурыз күні Алматы қаласының бас санитарлы дәрігерінің індеттің алдын-алуға бағытталған шараларды күшейту туралы қаулысы шықты. Алайда аталған қатаң шаралардың қажеттігін және адам денсаулығы үшін маңыздылығын барлық кәсіпкерлер жіті түсінбеген сияқты. Қабылданған қаулыға қарамастан көптеген түнгі клубтар, караоке барлар, компьютерлік клубтар өз жұмысын тоқтатпай, індеттің таралуына жол ашып отыр»,-дейді ол.
Жүргізілген сараптама жұмыстары көрсеткеніндей ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде ауруды жұқтыру деңгейі 22% өскен, базарларда 13% артқан, қоғамдық көлікте жұқтыру қаупі 25% дейін жетіп отыр.
«Осы ретте ауданымыздағы мониторинг жұмыстарын күшейту мақсатында мониторингтік топтардың саны 4-тен 7-ге дейін ұлғайтылды. Ағымдағы жыл басынан бері аталған мониторингтік топтармен барлығы 1 233 нысан тексеріліп, 27 заңды тұлғаға қатысты 9,8 млн тенгенің және 144 жеке тұлғаға қатысты 6,3 млн тенгенің әкімшілік хаттамасы толтырылды»,-дейді аудан әкімі Алтай Рахымбетов.
Сонымен қатар ол карантин режимін ең көп бұзатын нысандарды атады. Олардың қатарында Караоке «Crystal», Гастробар «Gastreat», Рестобар «ВанГог», «Queer» түнгі клубы, «BE TO BEE» бары, «STRONG» компьютер клубы және тағы басқалары бар.
9 нысан бойынша тиісті материалдар сотқа жолданған. Оның 5-уі бойынша соттың шешімі шығарылыпты. Қалған 4 нысан бойынша тиісті шаралар жүргізілуде.
«Өткен демалыс күндері, яғни 13-14 наурыз күндері ауданда орналасқан барлық ірі сауда орталықтары жабылды. Қоғамдық көліктің жұмысына қатаң бақылау ұйымдастырылды. Жолаушылардың маска режимін сақтау туралы тәртібі қатаң бақылауда. Індетпен күрестің тиімді жолдарының бірі вакцинация екені белгілі. Бірінші кезекте 792 медицина қызметкерлері вакцинациядан сәтті өтті. Қазіргі таңда полиция және білім мекемелерінің қызметкерлері вакцинациядан өтуде»,-деді спикер.
Сөз соңында ол аудан тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырды.
«Алдымызда келе жатқан Наурыз мейрамында қала тұрғындары 5 күн демалатын болады. Бәріміз жақсы білетіндей, осы күндері халық бір-бірінің үйіне қонақ болып,көрісіп, мейрамды тойлап жатады. Алайда, қазіргі жағдайды ескере отырып, жауапкершілік танытып, жақын туған-туыстарымызды ойласақ, мерекелік шаралардан бас тартып, көпшілік іс-шараларға қатыспағанымыз жөн.Осыны ескере отырып, аудан тұрғындарын сақтық шараларды сақтауға шақырамын», - дейді аудан әкімі.