Алматыда волейболдан ерлер арасында Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындары өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан ерлер арасында Алматыда өтіп жатқан Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындарында атыраулықтар жеңіліссіз келе жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазанның 11-і күні «Темірдос» спорт кешенінде жалауын көтерген бұл сайысқа 8 команда қатысып жатыр. Олар Алматының «Алматы» мен «ЦСКА-Алматы», Атыраудың «Атырау», Оралдың «Конденсат», Хромтаудың «Қазхром», Петропавлдың «Есіл», Өскемененің «Шығыс» және Павлодардың «Ертісі». Олардың бесеуі Ұлттық лиганың, үшеуі Жоғары лигадағы командалар. Айналма жүйе бойынша өтетін бұл додада әзірге атыраулық волейболшылар жеңіліссіз келеді. Олар бірінші күні - «Шығыс», екінші күні - «Алматы», үшінші күні - «Ертіс», төртінші күні - «Конденсатты» 3:0 есебімен ұтты. Бүгін барлық команда бір күндік демалыс жасады. «Атырау» ертең «Қазхром», бүрсігүні «Есіл», ал арғы күні «ЦСКА-Алматы» волейболшыларымен сынға түспек.