Алматыда волонтер жылы қорытындыланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының волонтер ұйымдары жыл басынан бері 26 мыңнан астам қала тұрғынына көмек көрсетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында «Қазақстан еріктілері лигасы» ҚҚ Алматы филиалының жетекшісі Бағдат Анарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда волонтер жылы қорытындыланды

Оның айтуынша, Алматыда еріктілер жылын өткізу аясында 78 іс-шара жоспары бекітілді. Барлық жобалар мен іс - шаралар Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерге сәйкес әзірленді және үйлестірілді. «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» бағыттары бойынша жүзеге асырылды.

Карантиннің бірінші күнінен бастап Алматы қаласының әкімдігі Жастар лофт-орталығының негізінде жедел волонтерлік штаб құрылып, оның құрамына қалалық волонтерлік, медициналық және қоғамдық ұйымдар енді.

Жалпы қала бойынша 1000-ға жуық волонтер жұмыс істеді, оның ішінде штабқа 100-ге жуық тұрақты волонтер тартылды. Еріктілерге коронавирустың таралуы жағдайында қауіпсіздік техникасы мен гигиена ережелері үйретілді. Сонымен қатар, еріктілерге төтенше жағдай кезіндегі сақтық шаралары туралы қажетті нұсқаулар берілді. Қауіпсіздік техникасын сақтау мақсатында волонтерлер үшін жеке қорғаныс жағдайы жасалды. Бұл - арнайы киім, маска, стерильді қолғап, бахила, антисептик, сондай-ақ арнайы көлік және ыстық тамақ.

Штабтың негізгі қызметі халықтың мұқтаж санаттарына көмек көрсетуге бағытталды.

«Пандемия кезінде мұқтаж 26 мыңнан астам азаматқа азық-түлік пакеттері, медициналық бетперделер тарату, дәрі-дәрмек жеткізу түрінде көмек көрсетілді. Штаб тұрақты негізде қоғамдық орындарға мониторинг жүргізді. Бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті органдар кәсіпорындардың жұмысын шектейтін шаралар қабылдады. Сондай-ақ, еріктілер қалалық медицина қызметкерлеріне басқа елдерден келген азаматтарды ауруханаларға орналастыруға көмектесті», - деді Бағдат Анарбаева.

Жедел еріктілер штабының волонтерлері мына бағыттар бойынша көмек көрсетті:

- 4115 мұқтаж және әлеуметтік осал азаматтарға көмек көрсетілді, 193 отбасына медициналық бетперделер таратылды, ірі супермаркеттерде 9972 азық-түлік пакеттері өлшеніп, оралып (әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ұсынылған тізіміне сәйкес мүгедектігі бар тұрғындарға, қарт адамдарға-тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектерді және т. б. тасымалдауға көмек көрсетілді);

- 166 нысанда қоғамдық мониторинг жүргізілді, оның ішінде 80 нысанда бұзушылықтар анықталды, оның қорытындысы бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдады (қызметті жүзеге асыруда шектелген сауда және қызмет көрсету объектілері жұмыс істеді);

- қаланың 100 дәріханасында қажетті дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру фактілерін анықтауға қоғамдық мониторинг жүргізілді, оның қорытындысы бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдады;

- симптомсыз коронавирустық инфекциямен ауыратын 80-нен астам тұрғынға дәрі-дәрмектерді тасымалдауға көмек көрсетілді;

- 5000 гуманитарлық көмек қорапшасын түсіру;

-6250 тұрғынға жедел желі телефоны арқылы адамдармен байланыссыз ақпараттық-түсіндіру жұмыстары көрсетілді (күн сайын call-орталыққа 100-ден астам қоңырау түседі).

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін волонтер жылының ресми жабылуы аясында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы және Мемлекет басшысының атынан волонтерлер мен жастар ұйымдарының өкілдеріне марапат пен алғыс хат табыс еткен болатын.