Алматыда XVI Халықаралық Астрономиялық олимпиада басталды

Білім сайысына қатысуға 19 елден 21 команда өтініш берген.
Халықаралық олимпиада үш турдан тұрады. Теориялық турда жас астрономдар есеп шығарып, астрономияның жоғарғы деңгейдегі төрт бөлімін қамтитын тапсырмаларды орындайды және қосымша білім беретін физика ілімінің космостық аспектілері бойынша білімдерін сынға салады. Екінші - бақылау турында қатысушылардың жұлдызды аспан туралы білімдері сыналады. Ал үшінші - тәжірибе турында оқушылар орталықта жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстармен танысып, олардың жиналған білімдері тексеріледі. Олимпиада қатысушыларына Ұлттық космостық зерттеулер мен технологиялар орталығы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдарынан құралған әділ-қазылар алқасы қазылық жасайды. Қазылар алқасының төрағасы -В. Фесенков атындағы Астрофизика институтының директоры Шыңғыс Омаров.
«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев жаратылыстану-математикалық ғылымдарын тереңдете оқытуды қамтитын, бәсекеге қабілетті білім беруді мемлекеттің негізгі стратегиялық міндеттері қатарына қойған болатын. Осыған орай, орталық жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының астрономия және физика салаларына қызығушылығын арттыру, оларды ғарыш саласынан толық мәлімет беретін үйірме, секция, клуб жұмыстарына баулу мақсатында және әрі теория мен тәжірибені ұштастыруға көмектесу мақсатында осы олимпиаданы өткізіп отыр»,-деді «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығының директоры Ақберен Елгезек.
Олимпиада қыркүйектің 30-на дейін өтетін болады.