Алматыда «ЯРКОкросты» өткізуге 10 тонна бояу кетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «ЯРКОкрос» марафоны өтті. Желаяқтарды бояуға 10 тонна бояу кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық шараға қатысқандар мен тамашалаушылардың саны 12 мыңнан асып кеткен.
Айта кету керек, биылғы шара Алматыда осымен 5-рет өткізіліп жатыр.
«Тек қана Алматыда өткен кростың өзіне ондаған тонна бояу кетті. Биыл географиямыз ұлғайып, Астана, Шымкент, Павлодар, Қарағанды, Бурабай, Ақтөбе қосылды. Бұрын тек спорттық шара болса, қазір үлкен фестивальге айналды. Қазір фестиваль барысында өнер, спорт, экстрим аймақтары бар. Кафелер мен ресторандар тартылып жатыр. Қалалықтар отбасымен келіп демала алады»,- деді жоба үйлестірушісі Александра Комлева. 
Бүгін барлығы 10 айналым болды. Әрқайсысында шамамен мың адам жарысты. Желаяқтарға экологиялық тұрғыдан таза түрлі-түсті бояу шашылды.
Дана Мұхаметжанова «Яркокросс» жобасына осымен екінші рет келіп отыр. 
«Жыл сайын фестиваль деңгейі көтеріліп келеді. Салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беретін мұндай мейрамдар жыл сайын өтіп тұрады деп үміттенеміз. Түскен қаржының барлығы қаланы көгалдандыруға жұмсалады екен. Бір оқпен екі қоянды атып жатырмыз. Адамға керемет көңіл-күй сыйлайды», - деді 11 жастағы Алуа Сегізбаева мен 7 жастағы Айша Болатова. 
«Алғашқыда тауға көтерілер тұста қиын болды. Бірақ бірінші стансадан соң бізді түрлі-түсті бояумен бояй бастады. Өте қызық болды. Бірақ таудан түскенде жүгірмеймін десең де жүгіресің. Тағы да қатысқымыз келеді», - деді қыздар.