Алматыда Юрий Померанцевтің 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 15 ақпанда Алматыда аты аңызға айналған театр және кино актері, режиссер, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Померанцевтің туғанына 100 жыл толуына арналған кеш өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеш барысында Юрий Померанцевтің фотосуреттерінің көрмесі ашылады. Суреттерді ұйымдастырушыларға М. Лермонтов атындағы академиялық драма театры мен белгілі фототілші Юрий Беккер ұсынды.
Сондай-ақ режиссер Александр Головинскийдің «Чеховты ойнаймыз» фильмінің тұсау кесіледі.
Юрий Померанцев 1923 жылы 11 ақпанда Украинада, Киев қаласында туған. Біраз уақыт өткен соң оның отбасы Қарағандыға қоныс аударады.
Әкесінің қазасынан кейін оған және оның анасына Мәскеуге көшуге тура келді және сол жақтан майданға аттанды. Ауыр жараланғаннан кейін, 1943 жылы Юрий Борисович Алматыға келіп, өзінің актерлік мансабын бастайды.
Актер театр және кинода ондаған рөлдерді сомдады.
Дегенмен, көрермендер оны Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» картинасындағы бас кейіпкер Анатолий Лавровтың рөлінде жақсы таниды. Актер еңбек жолында 300-ден аса рөлді сомдады. Халық әртісінің бар ғұмыры театрмен байланысты. Осы салада 75 жыл тынбай еңбек етті. Оның 66 жылы Алматыдағы Лермонтов атындағы академиялық драма театрында өтті. 2018 жылдың мамыр айында Юрий Померанцевке ең жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Еске алу кеші Мақатаев көшесі, 88 мекенжайындағы «Римон» еврей қоғамдастығында өтеді. Басталуы сағат 16:00. Шара барысында оның әріптестері сахна корифейі туралы естеліктерімен бөліседі. Экспозицияның кураторы - Наталия Старыгина.
Аты аңызға айналған актер Юрий Померанцев өткен жылдың наурыз айында қайтыс болды.
Фото: tl.kz