Алматыда заманауи филология ғылымдарының өзекті мәселелерін саралаған халықаралық конференция өтіп жатыр

Мәслихатты Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Магистратура және PhD докторантура институтының филология мамандықтары кафедрасы ұйымдастырып отыр. Бұл шара қазақ тіл білімінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан, соның ішінде қазақ тілінің сөзжасамдық құрылымының негізін қалаушылардың бірі, белгілі лингвист-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаеваның 85 жылдық мерейтойына арналған.
Тек қазақ тіліндегі ғана емес, жалпы тіл біліміндегі жаңғыртпа зерттеулер талқыланатын бұл конференция жұмысы 7 ғылыми бағыт бойынша жүргізілмек. Олар: «Профессор Н.Оралбай және қазақ тілі грамматикасы мен әдістеме мәселелері», «Тілді зерттеудің қолданбалы және коммуникативті-прагматикалық аспектілері», «Тіл теориясы және тілді жүйелі - құрылымды сипаттаудағы жаңашылдық», «Салыстырмалы тіл білімінің, мәдениетаралық коммуникация мен аударманың өзекті мәселелері», «Тілдің концептілік аясы және менталдылық», «Филологиялық пәндерді оқытудың инновациялық теориясы мен технологиялары», «Көркем мәтінді филологиялық талдаудың қазіргі аспектілері» деп аталады.