Алматыда заманауи газ құю стансасы салынады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда заманауи газ құю стансасының құрылысы басталады. Мұндай уағдаластыққа «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Мұрат Дәрібаев пен жобаның жеке инвесторы «Auto Life» ЖШС директоры Андрей Чередников қол қойды.
Екіжақты меморандум аясында 4 жер учаскесін бөлу туралы келісім жасалды.
Заманауи автогаз құю стансасын салуға 180 млн теңге бағытталмақ. Стансаны салу «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаланың атмосферасын жақсарту жолындағы басым бағыттарының бірі болып отыр.
Мамандардың айтуынша, табиғи газ бензин мен дизельден 2-3 есе арзан әрі табиғатқа келтіретін зияны да аз. Әрі 1-1,5 жыл ішінде белсенді жұмыс жүргізілсе, салынған шығындар өзін өзі ақтайды.
Жоба «Алматы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.