Алматыда заманауи жабдықталған спорт алаңқайы ашылды
АЛМАТЫ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты «Жұлдыз-1» ықшамауданында заманауи жабдықталған спорт алаңқайының ашылу салтанаты өтті.
Спорт алаңқайы аудандағы салауатты өмір салты мен VII Қысқы Азия ойындарын насихаттау мақсатында ашылып отыр. Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Владимир Устюгов аудандағы салауатты өмір салтын насихаттау тұрақты әрі қарқынды жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
Ықшамаудан орталығында орналасқан заманауи технологиялардың ең озық үлгілерін қолданған спорт ауласы осында тұрып жатқан халықтың енді спортпен күнделікті айналысуына мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ондағы жүгіру жолақтары мен баскетбол, воллейбол ойындарына арналған алаңқайлар спорттық жағынан да, кешке бір мезгіл сейілдеп, демалуға да өте қолайлы. Ал футбол ойынына арналған соңғы үлгідегі төсенішті жасанды жасыл алаң мұндағы жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орынға айналмақ.