Алматыда заң білімін жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды

        АЛМАТЫ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Құқық институты» дегенді оқу орны деп түсінетін тәлімгерлер көп. Бұл    Алматыдағы Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде өткен «Заң білімін жетілдірудің өзекті мәселелері: дәстүрлері мен жаңалығы» деп аталатын  ғылыми-әдістемелік семинарда айтылды,

Алматыда заң білімін жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         «Заң ғылымы жүйесінде тарихи теориялық құқықтық пәндерді  оқытуда   кемшін тұстар бар.  Бірінші,  Конституцияның 1-ші бабының 2-ші тармағында көрсетілген қағидалар (қазақстандық патриотизм), 2010-2020 жылдарға арналған «Құқықтық саясат тұжырымдамасындағы басымдықтар оқыту кезінде, әсіресе оқулық жазу кезінде ескерілуі керек.  Екінші,   ғылымның қайсы саласы болмасын терминдерімен айшықты. Ой зерделеуде олар қадау-қазық іспетті. Сондықтан заңнама саласын әлі де төл атаулармен байыта түссек», дейді ҚР ІІМ Академиясының мемлекеттік -құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы  Сәбит Жеңісұлы. Заң магистрінің айтуынша, заңтанудың негізгі термині «құқық». Кеңестік кезеңде орысша нұсқасын аудармай «право» деп келдік. Дербес ел болғанда қандас түрік бауырлардың терминдік тәжірибесіне үңіліп, «құқық» сөзін ала салдық. Әдетте «құқық» сөзі жалпылама және дербес мағынада қолданылады. Жалпы мағынасында белгілі бір заңи білім жүйесінің жиынтығы  ретінде, ал дербес мағынада адамның жеке басының мүмкіншіліктерін білдіреді. «Бұларды заң ғылымында таптауын таныммен «обьективтік құқық» және «субьективтік құқық» деп жүрміз. Сондықтан обьективтік құқықты «жосық», субьективтік құқықты «құқы» ал  «кодекс» дегенді «өрнек» деп бекітсек. Қазақтың көне сөз қолданысында «өрнек» сөзі ереже, нұсқа дегенді де білдірген. Англия, Германия сияқты елдерде олар осы екеуі екі басқа сөзбен анықталған», дейді  полиция аға лейтенанты Сәбит Жеңісұлы.