Алматыда заңгерлердің халықаралық форумы ашылды
АЛМАТЫ. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда IV заңгерлердің дәстүрлі халықаралық форумы ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараны «VIProMotion» агенттігі ұйымдастырған. Форум барысында Қазақстанда құқықтық қызмет көрсетуді жетілдіру, заңгерлер білімін жетілдіру, заңдағы соңғы өзгерістер, олардың қолданылуы сынды мәселелер талқыланады. Шараға Қазақстан мен шет елдік заңгерлік компанияларынан, мемлекеттік органдардан 150-ден астам өкіл қатысуда. Бұлардың қатарында ҚР Әділет министрлігі, ҚР Ұлттық банкі, Салық комитеті, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің жетекшілері бар. 2 күнге созылатын форум барысында биылғы жылдың ең үздік заңгер кеңесшілері анықталып, марапатталады. Сонымен қатар қатысушыларға арналып «Сыртқы кеңесшілерді таңдаудағы критерийлер, жанжалдық мәселелерді шешу» тақырыбында арнайы шеберлік сыныбы өткізіледі. Форум жұмысы ертең аяқталады.