Алматыда заңсыз айналымнан ірі көлемді героин тәркіленді

АЛМАТЫ. 27 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда заңсыз айналымнан ірі көлемді героин тәркіленді, деп хабарлады қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Алматыда заңсыз айналымнан ірі көлемді героин тәркіленді

Арнайы операция жуырда кешке қарай қалалық есірткі бизнесімен күрес департаментінің қызметкерлерімен іске асырылды. «Біздің қызметкерлеріміз күдікті ер адамның соңына түсіп, бірнеше апта бойы тексеру амалдарын жүргізді. 58 жастағы ер адамды тінту кезінде анықталғандай, ол тұрақты түрде есірткі бизнесімен айналысқан. Есірткі сатуда іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін ол шет аймақтағы ауылдан Алматы қаласына келіп тұрған. Еш күмән келтірмес үшін есірткі заттарын күндіз, үйдің аулаларында сататыны белгілі болды. Ол өзінің «әдеттегідей жұмыс күнінде», ірі көлемде есірткі сатпақ болған жерінде ұсталды», - деді Алматы ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының подполковнигі Денис Лоскутов.

Ер адам бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

«800 граммнан астам ақ ұнтақ орташа сыйымдылықтағы 10 пакеттің ішіне салынған. Қазіргі уақытта біз Т. есімді азаматтың жеке тұлғасын мұқият тексеріп, қарастырудамыз. Біз оның  араласқан ортасын тексеру арқылы сыбайластарын және есірткі заттарын қайдан алғанын анықтаймыз. ҚР ҚК-нің 259 бабы 4 бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды», - деді ол.