Алматыда заңсыз дүңгіршіктер сүріледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында көше саудасын ретке келтіру мақсатында станционарлық емес сауда нысандары сүріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Алматы қаласында көше саудасын ретке келтіру мақсатында станционарлық емес сауда нысандарының қазіргі жағдайы сараланды, әлемдік тәжірибеге ден қойылып, тиісті жоспар жасалды. Осыған орай, станционарлық емес сауда нысандары сүріледі», делінген хабарламада.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, мұндай дүңгіршік иелерінің заңды құжаттары жоқ. Сауда нысандары тротуарлардың, газондардың, саудаға лайық емес жерлердің бойына орналасқан және қала тұрғындарының наразылығын туғызып келеді.
«Заңсыз дүңгіршіктер өрт, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарына жауап бермейді әрі қаланы абаттандыру ережесіне сай емес. Олардың иелері кей ретте электр желісіне заңсыз қосылып, салық төлемейді», делінген хабарламада.
2015 жылы 368 объекті, 2016 жылы 470, ал биылғы жылдың басынан бері 300-ден астам осындай заңсыз дүңгіршіктер сүрілді.