Алматыда заңсыз сақталған қаруды іздестіру және тәркілеу шарасы жалғасады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 7 ақпаннан бастап ерекше өкім шыққанға дейін «Қару» жедел алдын алу шарасы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда заңсыз сақталған қаруды іздестіру және тәркілеу шарасы жалғасады

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің айтуынша, іс-шараның мақсаты – жедел жағдайды жақсарту, атыс қаруы мен оқ-дәрілерді қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу және ашу.

«Тәжірибе көрсеткендей, мұндай іс-шаралар мегаполисте қылмыстық жағдайды жақсартуға оң әсер етеді. Алматы полициясының жеке құрамы қызметтің күшейтілген режиміне ауыстырылды. «Қару» жедел алдын алу іс-шаралары тіркелмеген қарудың максималды санын заңсыз айналымнан шығаруға мүмкіндік береді», – деді қалалық полиция департаментінің бастығы.

Ол сондай-ақ іс-шара аясында азаматтық қарудың жеке иелерін қару сақталған ғимараттарда қауіпсіздік жүйесінің бар-жоғы және қолданылуына тексерілетінін айтты.

«Алматы полициясы қаруды қабылдау науқанын өткізіп жатқанын еске саламыз. Заңсыз қаруы бар азаматтарға, оларды өз еркімен тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте, қару мен оқ-дәрiлердi тапсырған адамдар, егер олардың қандай да бiр қылмысқа қатысы анықталмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар, заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырмаған азаматтар табылған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.