16:07, 08 Маусым 2023 | GMT +5
Алматыда заңсыз салынған 399 сауда нысаны бұзылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2023 жылдың соңына дейін 399 заңсыз сауда нысаны сүріледі. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаланың келбетіне нұқсан келтіретін, жан-жағы абаттандырылмаған және тротуарлар мен жол учаскелеріне қоқыс тастайтын заңсыз салынған стационарлық емес сауда объектілеріне шара қабылдануда.
Ерікті сүруді жүзеге асыру үшін заңсыз салынған стационарлық емес сауда объектілері иелерімен түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп отыр. Нысан сүрілген соң аудан әкімдіктерімен бірлесіп, заңсыз объект орнатылған аумақ ретке келтіріледі, қоқыстан тазартылады. Мониторинг қорытындысы бойынша, 2022 жылы Алматы қаласы бойынша жер заңнамасын, санитарлық, қала құрылысы және өрт нормаларын бұзған 500 заңсыз салынған стационарлық емес сауда объектісі анықталды. Бүгінде 101 нысан бұзылды, қалғандары осы жылдың соңына дейін алынып тасталады.Еске салсақ, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша биыл алғаш рет «Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес сауда объектілерін орнату ережелері» қабылданды, онда мұндай объектілерді орнату тәртібі нақты айқындалған. Нысандардың бей-берекет орналасуларын болдырмау үшін қазіргі уақытта «Стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру сызбасын» әзірлеу аяқталуда. Сызба бекітілгеннен кейін нысандарды орнатуға болатын нақты мекенжайлар анықталады.