Алматыда заңсыз салынған тағы бір тұрғын үй кешені анықталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тағы бір тұрғын үй кешенінің құрылысы мәжбүрлеп тоқтатылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық құрылыс бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес, интернет-ресурстарда Шашкин, 42/1 көшесінде орналасқан «Maison» тұрғын үй кешенінде пәтерлер сатылатыны жөнінде хабарландырулар жарияланған.

«Аталған жер учаскесінің нысаналы мақсаты – жерасты паркингі бар әкімшілік ғимарат салу және пайдалану болып табылады. Ал сәулет-жоспарлау тапсырмасы медицина орталығының құрылысына алынған. Қалалық құрылыс бақылау басқармасы меншік иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 316-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұйғарым шығарды. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын мәжбүрлеп тоқтату туралы сотқа талап-арыз берілді»,- делінген әкімдік ақпаратында.
Сонымен бірге басқарма өкілдері шара қолдану үшін Экономикалық тергеу департаменті мен Мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолдады.
Алматылықтар жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын +7 (727) 229-81-36 нөмірі бойынша салынып жатқан тұрғын үй кешені туралы толық ақпарат ала алады.

Бұған дейін Алматыда үш тұрғын үй кешенінің заңсыз салынып жатқаны туралы жазған едік.


Соңғы жаңалықтар