Алматыда заңсыз жер сатқан алаяқтар сотталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Қашағанова, Ж.Оразбаев және Б.Медетбековтер тұрғын үй салу мақсатымен жер телімін іздеп жүрген Ш.Төлеуханов, Б. Үсенов пен И. Садыроваға «Шаңырақ» ықшам ауданына қарасты заң бойынша берілуге тыйым салынған жер телімдерін жалған құжаттар негізінде заңсыз сатқан.
«Бұл үшеуіне сот барысында Алматы қаласында 2007 жылдың қыркүйегі мен 2008 жылдың қараша айлары аралығында бірнеше рет адамдар тобының алдын ала сөз байласу бойынша алаяқтық жасаған, яғни бөтеннің ірі мөлшердегі қаржысын - 44 100 АҚШ долларын (ҚР Ұлттық банкінің ресми курсы бойынша 5 331 249 тенге) алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы мүлкін ұрлап, ҚР ҚК 177 бабының 3 бөлімінің «б» тармағында көрсетілген қылмысты жасаған деген айып тағалды. Сонымен қатар Б. Медетбеков 2008 жылдың 30-шы желтоқсаны мен 2009 жылдың 27 ақпаны аралығында 9 мм. оқпанды тапаншаның оғын заңсыз сатып алып, оны заңсыз сақтаған, яғни ҚР ҚК 251 бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасаған», дейді Алатау ауданының прокуроры Б. Мақұлбеков.
Сот шешімімен айыпталушылар ҚР ҚК-нің 177 бабының 2 бөлімінің «а», «б» тармағымен, 3 бөлімнің «б» тармағымен айыпты деп танылып, Ж. Оразбаев және Б. Медетбеков - 7 жылға, М. Қашағанова - 5 жылға бас бостандығынан айырылды.