Алматыда заңсыз жұмыс істеген 13 ойын нысанына айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАлматы - Алматыда заңсыз жұмыс істеп келген 13 ойын нысанына 23 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Алматыда заңсыз жұмыс істеген 13 ойын нысанына айыппұл салынды

Департамент мамандары салық органдарында тіркелмеген ойын нысандары боулинг, дербес компьютер, бильярд столдарын анықтау үшін көлеңкелі экономикамен қалай күресіп келе жатқандарын айтты.

«2017 жылдың басынан бастап алматылықтардың шағымын қарастыра келе 1 358 дербес компьютер, 145 бильярд столы есепке қойылды. Бұл нысандардан ай сайын қала бюджетіне 20,5 млн теңге түсіп тұратын болады», - деді қалалық МКД басшысының міндетін атқарушы Балтабеков Қанат.

Оның айтуынша, аталған нысандарды жасырғаны үшін 13 мекеме басшысы әкімшілік жазаға тартылып, 23 млн теңге көлемінде айып төлемек.

Бүгінде Алматыда 448 бильярд столы, 2239 дербес компьютер тіркелген.

Ойын нысандарына ай сайын 4 АЕК, 25 АЕК көлемінде салық ставкасы белгіленген.