Алматыда заңсыз жүрген өзбекстандықтар анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық полицейлер 16-19 шілдеде заңсыз миграттарды анықтау үшін арнайы рейд жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда заңсыз жүрген өзбекстандықтар анықталды

Шараның бірінші күні көші-қон қызметкерлері 235 құқық бұзушылықты анықтап әкімшілік жауапкершілікке тартты. 107 шетелдіктердің келу мерзімін қысқартты, елден 82 шетел азаматы шығарылды.

«Көші-қон заңнамасын бұзғандардың басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен жұмыс істеуге келгендер. Олар құрылысшылар мен қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Тексеру барысында 171 шетелдіктің құжаттары дұрыс емес, яғни біздің елде жүруге берілетін рұқсат қағаздары жоқ. 47 жұмыс беруші мен заңды тұлғалар ҚР шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. 110 адамның жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ. Сондай-ақ, заңсыз көші-қон қызметінің құжатын жасау бойынша 2 факті анықталды. Қазір алдын-ала тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді», - деді Алматы ПД көші-қон басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Сондай-ақ, Медеу ауданында 20-дан астам заңсыз өзбекстандық жұмысшысы анықталды. Олар тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Мигранттардың құжаттары жоқ. Арнайы тексеруден кейін іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілетін болады.