Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлер 3 ай коммуналдық қызмет ақысын төлемейді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетіледі. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев актив отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлер 3 ай коммуналдық қызмет ақысын төлемейді

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, әкімдік ШОБ субъектілеріне қаржылық және басқа да қолдау көрсетеді.

«Біз зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерін 3 айға коммуналдық шығындардан босатамыз. Яғни, зардап шеккен бизнестің коммуналдық шығындары жергілікті бюджет есебінен жабылады. ШОБ субъектілерін коммуналдық нысандарды жалға алу ақысынан 6 ай мерзімге босатамыз. Бірақ, бұл мәселе әр нысанмен жеке шешіледі. Қазір жалға берушілермен зардап шеккен бизнеске жеңілдіктер бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз», - деді Алматы әкімі.

Қазіргі уақытта «Silk way»,«Пассаж», «ЦУМ» сауда орталықтары зардап шеккендерді жалдау ақысын төлеуден босатуға дайын екендерін растады.