Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлерге 6,2 млрд теңгеге жуық қаржы төленді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өңірлік комиссия отырысында кәсіпкерлердің жалпы сомасы 152 млн теңгені құрайтын 31 өтінімі мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мақұлданған өтінімдердің ішінде 124,5 млн теңге сомасына 19 өтінім бюджет қаражаты есебінен, 12 өтінім «Жаңа Алатау» қайырымдылық қорынан 27,5 млн теңгеге қаржыландырылды.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша бүгінге дейін қалада комиссияның барлығы 17 отырысы өтті. Онда бизнестің тәртіпсіздіктер кезінде 6,2 млрд теңге сомаға зардап шеккен 1 236 өтінімі мақұлданды, оның ішінде бюджет қаражатынан 5 033,3 млн теңге сомаға 663 өтінім және «Жаңа Алатау» қорының қаржысынан 158,3 млн теңге сомаға 573 өтінім.
«InfoKazakhstan.kz сайтына келіп түскен және тіркелген барлық өтінімдер сараланды. Өңірлік комиссия келіп түскен жаңа өтінімдерді қарап, тиісті шешімдер қабылдайды. Зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу жөніндегі жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда», - делінген хабарламада.