Алматыда зейнеткерге қарақшылық шабуылды кімдер ұйымдастырғаны белгілі болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үй сатпақ болып, хабарлама ілген тұрғынның басы бәлеге қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда зейнеткерге қарақшылық шабуылды кімдер ұйымдастырғаны белгілі болды

Алматының Медеу ауданына қарасты Халиулин көшесінде орналасқан үйлердің бірінің 68 жастағы тұрғыны үш-төрт күн бұрын үйін сататындығы жөнінде хабарлама ілген. Осы жағдайдан кейін күндіз үй сатып алмақ болып екі адам келген.

«Ер адам мен әйел адам ерлі-зайыпты екендіктерін айтып, үйдің жертөлесін көрсетуді сұраған. Ал жертөледе қылмыскерлер зейнеткерді ұрып-соғып, байлап тастаған. Үйді тінтіп шыққан қылмыскерлер ол жерден ештеңе таппаған, тек ұялы телефонды ғана «олжа» еткен. Аудандық полиция болса, аталмыш қылмысқа байланысты жедел-іздестіру комиссиясын құрды. Күдіктілер бірден қолға түсті. Олар 1996 жылы туған С. 1994 жылы туған П, және 1987 жылы туған К. болып шықты. Алғашқы екеуі зейнеткерге өздерін ерлі-зайыпты деп таныстырған және олардың жұмысы қылмыс жасалып жатқанда көшені сырттан бақылап отыру болған»,-деді Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

«Қылмыстық топпен ауыз жаласқан әйел адам Қырғызстан азаматы болып шықты. Ерлер болса, Қазақстанның түрлі аумақтарынан келген. Күдіктілер қазір қамауда отыр, оларға ҚР ҚК-нің 192 бабы, 2 бөлігі бойынша айып тағылды. Яғни олар қарақшылық шабуыл жасаған», деп хабарлады полиция өкілдері.

Қазір олардың республиканың өзге де өңірлеріндегі қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.