Алматыда зейнеткерлер мен егде адамдар үшін тегін қоғамдық көлік іске қосылды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Алматы қаласында әлеуметтік жағынан әлсіз қала тұрғындары үшін «Арзан» көтерме сауда орталығына дейін әкелетін жаңа автобус бағыты іске қосылды.

Алматыда зейнеткерлер мен егде адамдар үшін тегін қоғамдық көлік іске қосылды
Бұл туралы бүгін Алматыда БАҚ өкілдерімен кездескен «Арзан» брендін ұсынатын «Көтерме клуб» компаниясының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған қоғамдық көлік бағыты «Арзан» сауда дүкендері желісі компаниясының әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде іске асырылып, Алматы қаласының әлеуметтік қорғалмаған халық тобын қолдауға бағытталған. «Біздің сатып алушылар қатарында зейнеткерлер мен егде адамдардың саны біршама, олар үшін біздің дүкендер ұсынатын азық-түлік пен бірінші қажеттілік тауарларының төмен бағалары өз қаражатын үнемдеу амалының бірі. Олардың көбісінде жеке автокөлік жоқ, сондықтан дүкенге жету олар үшін қиындау. Аталған мәселені шешу үшін «Арзан» дүкендер желісі әлеуметтік жобаны ? жаңа бағыттағы автобусты іске қосты. Автобус егде адамдарға сауда орнына жетуге және сатып алған заттарымен қайтуға да мүмкіндік береді. Әрі мұның бәрі тегін», дейді дүкендер желісінің бас директоры Берік Тапишев. Аталған қоғамдық көлік «Арзан» дүкені орналасқан Өтепов көшесінен бастап Каблуков -Фрунзе -Мұстафин- Фараби даңғылы- Гагарин көшесі бағытында наурыз айының 21 жұлдызынан бастап тұрақты түрде жүреді. Берік Тапишевтің айтуынша, компанияның әлеуметтік белсенділігін арттыру мақсатында зейнеткерлер мен ҰОС мүгедектері үшін 50% жеңілдігі бар клуб картасын шығармақ. Клуб карталары сатып алушыларға тауарлар мен азық-түлікті көтерме сауда бағасымен сатып алып, сатып алған тауарлардың жалпы бағамынан 10-нан 15%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.