Алматыда жағдайы төмен 3690 баланың жазғы демалысына 190 млн теңге бөлінді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жағдайы төмен отбасыдан шыққан 3690 бала жазғы лагерьлерде тегін демалады. Осы мақсатта қала бюджетінен 190 млн теңге бөлінген.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық Білім беру басқармасының Рухани-адамгершілік тәрбие және өзін өзі тану бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тау Нұргүл айтты.
Қазір қала сыртындағы «Огонек», «Спутник» және «Өрнек» лагерлерінде жетім, жағдайы төмен отбасы және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың алғашқы ағыны - 820 оқушы алғашқы ауысымда демалып жатыр.
Маманның айтуынша, биыл Алматыда 176 240 бала жазғы демалыс түрімен қамтылады. Алматы қаласы бойынша 188 мектепте 313 мектеп жанындағы лагерлер жұмыс жасап, онда барлығы 26343 оқушы демалады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты, қала сыртындағы 27 жеке меншік лагерлері мен Білім басқармасына қарасты «Өрнек» лагері балаларды қарсы алуға дайын. Мектепішілік және қала сыртындағы лагерьлерден бөлек аз мерзімге қосымша демалыс орындары да қарастырылған.
«Қалада 25 қосымша білім беру мекемесі жұмыс атқарады, олар 1499 үйірмеге 31285 баланы қамтыса, Жас туристер стансасы саяхат сапарын, Жас натуралистер стансасы - «Екпе көшет» фестивалін, қалалық спорт және дене тәрбиесі орталығы көптеген спорттық шаралар ұйымдастырып, балаларды күндік демалыспен қамтиды. Сондай-ақ, жаз бойы Республикалық «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығына 100 озат оқушы тегін демалса, 750 бала Алматы қаласы Туризм басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласының көрікті жерлерін аралау үшін 1 күндік саяхатқа шығады. Сонымен қатар, осы мақсатта 620 оқушы Астана қаласына сапар шегеді», - деді Нұргүл Тауқызы.