Алматыда жалдамалы пәтер бағасы неліктен қымбаттады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жалдамалы пәтер бағасы бір жыл ішінде 50 пайызға қымбаттады. Ай сайынғы орташа өсім - 7-14 пайыз көлемінде. Тамыз айының өзінде құн 15 процентке көтеріліп, үйдің 1 шаршы метрі - 4 900 теңгеге жетті. Былтыр желтоқсан айында шаршы метрі орта есеппен - 3 290 теңге болатын.
None
None

Өткен жылы дәл осы кезеңде Алматыдан бір бөлмелі пәтерді 110 000 теңге жалдауға болатын еді. Екі бөлмелі - 200 000 теңге болса, үш бөлмелі баспананың иелері айына орта есеппен 250 000 теңге сұрайтын. Биыл бұл баға біршама қымбаттады. Яғни, қазіргі таңда аталған шаһардың орталық аудандарынан бір бөлмелі үй жалдау үшін қалтаңызда 150 мың теңге қаражатыңыз болуы керек. Бұл орайда, ең көп сұранысқа ие екі бөлмелі пәтерлердің құны жыл басынан бері 25 пайызға көтеріліп, бүгінгі бағасы 250 мың теңгеден басталады. Ал үш бөлмелі үйлерді орта есеппен 319 мың теңгеге жалдай аласыз.

Ағымдағы жылы негізінен Алматының Медеу, Бостандық және Алмалы аудандарындағы пәтерлердің бағасы қымбаттаған. Бұл қала орталығына жақын аумақтар. Бұған қоса, шаһардағы элиталық санаттағы үйлер де осы жерлерден орын тепкен. Аталған үш ауданнан үй жалдау бағасы бір айға 250 мың теңгеден басталады. Ал, өзгелермен салыстырғанда Наурызбай ауданында баға біршама арзан. Дегенмен бұл аумақта орналасқан пәтерлерді көбі алмайды. Өйткені, ол - қала орталығына алыс.

Экономист Мақсат Халық осы айдағы бағаның күрт өсуі - жаңа оқу жылымен байланысты екенін алға тартты. Оның пайымынша, тамыздың ортасынан бастап Алматыға келетін студенттер көбейеді. Сондықтан, пәтер иелері бұл ұтымты сәтті ұтқыр пайдаланады.

Жалпы, жыл сайын екінші мегополистің жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің 70 пайызы ауыл-аймақтан келетіндер. Тиісінше, сұраныс артып, баға шарықтай бастайды.

«Жалдамады пәтерлердің тамыз айында ерекше қымбатшылыққа ұшырайтыны қалыпты үрдіс болып тұр. Бұл негізінен Алматыға оқуға келетін жастардың уақытымен тұспа-тұс келеді. Бұған қоса, пәтер иелері бағаны себепсіз көтеріп алады. Жалгерлікпен айналысатын адамдар көбіне тамыз айына дейін үйлерін босатып, дайындап отырады. Өйткені, осы уақытта студенттердің келіп, пәтер іздейтінін біледі. Сұраныс пен тапшылық болатынын ескеріп, баспана иелері құнды көтеріп, одан түсірмей ұстап тұрады», - деп бағаның өсуіне әсер еткен факторды атады Мақсат Халық.

Экономист пікірінше, жалдамалы пәтер құнының көтерілуіне мемлекет тарапынан берілетін субсидия шарасы да әсер етті.

Айта кетейік, биыл мамыр айынан бастап әлеуметтік аз қамтылған және кедейлік шегінде күн көріп жатқан тұрғындарға жалдамалы пәтер бағасының бір бөлігін өтеп беру механизімі енгізілді.

Бұл бағытта тыңнан түрең салып жатқан тек Қазақстан емес. Мұндай жүйе халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар. Мәслен, әлемнің дамыған елдерінде жалға берілетін баспана нарығы айтарлықтай дамыған және ол жалпы тұрғын үй қорының 30 пайызын құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш бар болғаны 1,9 пайыз шамасында.

«Бұған әсерін тигізіп жатқан екінші мәселе бар. Ол – мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға пәтер жалдау құнын сусидиялау. Яғни, Үкімет баспананың 50 пайыз шығынын өтеп береді. Ел билігі осындай шешім қабылдағаннан кейін, жалдау құны тағы да қымбаттады. Бұл - нарықтық бағаның өсіміне әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі. Біздің шенділер кейде жақсы ойлайды. Әлеуметтік осал отбасылар мен өзге де осындай санаттағы жандарға көмектесу ниеті жөнді. Десек те, ол нарыққа кері әсерін тигізіп жатыр», - деді экономист.

Срапшы пікірінше, бағаның өсуіне жанама әсер еткен фактордың бірі – шетелден келіп, елімізде ЖСН алып жатқан азаматтар санының артуы.

«Пәтер бағасының өсуіне ықпал еткен үшінші фактор – Ресейден келіп жатқан адамдар санының күрт өсуі. Ресейден бізге бизнес өкілдері және қарапайым тұрғындары келіп, жеке сәйкестендіру нөмірлерін алып жатыр. Осы орайда, келушілер пәтердің жалгерлік бағасына мүлдем қарап жатқан жоқ. Бірден келіп, құнына қарамастан алып жатыр. Осылайша, нарықтағы сұранысты арттып жіберді. Алматы қаласындағы жалгерлік бағаның көтерілуі де осыған байланысты болып отыр.

Елдегі инфляцияның да жалгерлік пәтер бағасының өсуіне жанама себебі бар. Әсіресе, бізге Ресейден келетін көп тауар түрлерінің шектелуі салдарынан, Қазақстан оларды өзге елдерден тасымалдай бастады. Сол жол шығындарына байланысты қымбатшылық орын алып жатқаны жасырын емес. Сырттан тасымалданып жатқан тауарлар негізінен – тұрмыстық химия өнімдері. Ал, азық-түлік өзімізде де бұрыннан бар. Дегенмен елімізге біраз уақыт қанттың, бидайдың келмей қалғаны Қазақстандағы бағаның өсуіне септігін тигізді. Өйткені, Ресей бидайы біздікіне қарағанда, әлдеқайда арзан болады екен. Тиісінше, одан арзан ұн, арзан нан шығатын. Енді ол келмей қалып еді, баға өсіп кетті.

Сонымен қатар, біз көптеген құрылыс материалдарын Ресейден алып келетінбіз. Ол тауарлар шектеліп жатқан жоқ. Әлі де тасымалдап жатырмыз. Бірақ рубль мен теңгеге бағамындағы алашақтыққа байланысты көрші ел тауарлары қымбат болып кетті. Осы орайда, тілкелей Ресейден әкелінетін құрылыс материалдарының бағасы өсіп, пәтердердің де шаршы метр құны көтерілді», - дейді Мақсат Халық.

Экономист бұл баға таяу ара түспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, елде ауқымды экономикалық дағдарыс болмай, жалдамалы пәтер құны арзандамайды. Өйткені, дағдарыс кезінде баспанасын қомақты қаржыға беріп, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар жылжымайтын мүлікке ақша салуды тоқтатады. Сол сәтте сұраныс төмендеп, баға түседі. Алайда, сарапшы болжамынша, жағдай осы сценариймен өрбісе, онда құнның жақын арада құлдырай қоюы мүмкін емес.




Соңғы жаңалықтар