Алматыда жалдамалы пәтерден цифрлық техника мен әскери амуниция табылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы жалдамалы пәтерден цифрлық техника мен әскери қызметшінің амунициясын тапты. Бұл туралы қала комендатурасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жалдамалы пәтерден цифрлық техника мен әскери амуниция табылды

Полиция қаладағы жалға берілетін пәтерлердің бірінен 18-25 жас аралығындағы 8 адамды ұстады. Олар Талдықорған қаласы мен Жамбыл облысынан келгендер болып шықты.

Пәтерді тінту барысында құқық қорғау қызметкерлері цифрлық техникалар: теледидар, планшеттер, моноблоктар мен әскери амуницияны тауып, тәркіледі. Ұсталғандардың айтуынша, олар бірлесе пәтер жалдап тұрады және құрылыс алаңында жұмыс істейді. Ал олардың Алматыда болудың шынайы себебі және қылмыстық оқиғаларға қатысы бар-жоғы анықталу үстінде.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы қалалық комендатурасы Полиция департаментінің ғимаратына шабуыл алдын ала мұқият жоспарланғанын мәлім еткен болатын.