11:00, 03 Тамыз 2015 | GMT +5
Алматыда жалған құжат көрсеткен Ұлыбританияның 3 азаматы ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің «Алматы» бақылау-өткізу бекетінде (Алматы әуежайы) «Дубай - Алматы» бағытындағы «FZ-701» рейсімен келген Ұлыбританияның 3 азаматы ұсталды.

Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған азаматтардың қолжүктерін қарау кезінде Ауғанстан Ислам Республикасының төлқұжаттары және Пәкістан Республикасының идентификациялық карточкалары табылды. Сондай-ақ, Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтары ретінде Ауғанстаннан Дубайға ұшып келгендіктері анықталды.
Бұлар Дубайдағы транзиттік зонада жүріп белгісіз адамдардан Ұлыбритания төлқұжаттарын алады. Сол арқылы Қазақстан Республикасына ұшып келіпті. Мақсаттары - Қазақстан аумағын өткел ретінде қолданып, бір-екі күннен кейін Еуропаға ұшу.
Енді аталған азаматтар қайтадан Дубайға депортацияланатын болады.