Алматыда жалған төлем карталарын қолданған алаяқтар қолға түсті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Алматыда жалған төлем карталарын қолданып жүрген қылмыстық топ қолға түсті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ІІД-нің тілдер саясаты және ақпарат басқармасына сілтеме жасап.Қылмыстық топ құрамында Алматы облысының 3 азаматы болған. Олар ірі сауда орындарынан қымбат алтын бұйымдарын, тұрмыстық техникаларды жалған төлем карталары арқылы сатып алып отырған.«Олар қалтасы қалың азаматтардың төлем карталарының көшірмесін жасап отырған. Мәселен олардың құрбандықтарының бірі швейцариялық азаматтың 2 төлем картасын ұрлап алып, көшірмесін жасап пайдаланған. Қылмыскерлердің жалған карталарын бір қарағанда түпнұсқадан айыру қиын. Олардың кезекті «жорығында» дүкен сатушысы карталардың жалған екендігін байқап, полицияға хабар берген»,- дейді Жетісу аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, майор Денис Лоскутов. Оның айтуынша қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.