Алматыда жалғызбасты әйелдің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды

АЛМАТЫ. Қазақпарат – Алматыда жеке үйге қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жалғызбасты әйелдің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қарақшылық шабуыл түнгі сағат үш шамасында болған.

Қайсенов көшесіндегі үйлердің біріне үш адам басып кірген.

«Белгілі болғандай, олар алдын ала белгіленген жоспар бойынша әрекет еткен. Шабуыл жасағандар үйде жалғызбасты әйелдің тұратынын білген. Күдіктілердің рөлдері нақты бөлінген: екеуі қылмыстық ниеттерін жүзеге асырды, біреуі жағдайды бақылау үшін қақпаның жанында қалды. Ер адамдар үй иесін соққыға жыққан. Олар өздерімен бірге құны 2 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдарды алып кеткен», – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Оның айтуынша, ауыр қылмысты ашу мақсатында қалалық криминалдық полиция қызметкерлерімен күшейтілген жедел-іздестіру тобы құрылды.

«Қарақшылық шабуыл ашылды. Үш күдіктінің екеуі ұсталды. Қашқынды қолға түсіру уақыт еншісінде. 37 жастағы Ж. есімді азамат, сонымен қатар 25 жастағы Ц. есімді азамат қамауға алынды. Екеуі де бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін жазасын өтеген»,-дейді полиция өкілі.

Ұсталғандардың сөзінше, олар шабуыл жасамас бұрын үйді бірнеше күн бақылаған.

Тапқан олжасы - өзара бөлісіп алған асыл тас. Кейбіреуін сатқан, ал түскен ақшаны өз қалауына жұмсаған.