Алматыда Жамбыл атындағы мемлекеттік филормонияның 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт болып өтті
АЛМАТЫ. 12 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормонияның 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт болып өтті.
Жарты ғасырдан астам ғұмыры бар концерт ұжымын Алматыдағы барлық концерттік ұйымдар мен театрдың басшылары, Композиторлар одағы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы, қала әкімдігі, «Нұр Отан» ХДП, Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі, кәсіподақ ұйымдары, сонымен қатар Мәскеу, Австрия мәдениет министрліктері де құттықтап, өз сый-сыяпаттарын жасады. Кеште ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің құттықтау хаты оқылды.
Кештің ашылу салтанатында белгілі жазушы, қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы өнер ұйымының тарихы мен жеткен жетістігін баяндай келе: «Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясы - қазақ өнерінің қара шаңырағының бірі емес, бірегейі. Филормония халық классикалық музыкасының алтын ордасы болып табылады»,-деп атап өтті.
Кеште Қайрат Ахметов, Ерлан Әмреев, Бақыт Құрамысов, Амангелді Нұрқасымов сынды өнер ұжымының мүшелері ҚР Мәдениет министрлігінің мәдениет қайраткері белгісімен марапатталды. Салтанатты шарада сонымен қатар, филормонияның 10-нан аса өнерпаздары Алматы қаласында өткен мәдени шараларға белсенді қатысқаны үшін қала әкімдігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерейтойлық кеш бағдарламасында аталмыш ұжым ең үздік шығармаларын орындады. Өнерлеріне тәнті болып, зор ықыласпен тыңдаған өнерсүйер қауым үлкен қошемет көрсетті.