Алматыда «Жан жылуы» бағдарламасы аясында екінші акция өтті

/strong>Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда Қазақ қатынас жолдары университетінде «Жан жылуы» қайырымдылық акциясы өтті,

Алматыда «Жан жылуы» бағдарламасы аясында екінші акция өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шарадан түскен қаражаттар «Жанұя» балалар кешенінің тәрбиеленушісі 5 жастағы Егоров Марк пен Алматы облысы Жамбыл ауданы, Қасымбек ауылының тұрғыны 10 жастағы Нұрлан Шоқанның емделулеріне және операция жасауға аударылатын болады.

"Бүгінгі акцияны Наурыз мерекесі қарсаңына қарай өткізіп отырмыз. Бұл мереке тек қана көктем мерекесі емес, бұл кез - көмекке зәру адамдарға қайырымдылық істер жасау, көмек көрсету, қол ұшын беретін уақыт. Біз ата-баба дәстүрін сақтап қана қоймай, өсіп келе жатқан жастарды сол рухта тәрбиелеуіміз қажет. Біз екі миллион теңгеден астам қаражат жинауды жоспарлап отырмыз. Оған өз үлесін менің отбасым, ұжымым қосып отыр. Сондай-ақ бұл шараға Қазақстандағы ғана емес, Ресейдегі достарым да атсалысып жатыр. Біз өз бастамамызбен «Жан жылуы» бағдарламасының жетекшілеріне шықтық. Мұндай игі істі қазақстандықтардың әр қайсысы қолдайды деген сенімдемін", деді Қазақ қатынас жолдары университетінің ректоры Амангелді Омаров.

Қазақстан ұлттық телеарнасының әлеуметтік бағдарламалар шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Сәуле Жиреншина хабар Наурыз мерекесі қарсаңында көрсетіледі деп хабарлады. «Бүгінгі күні қоғам өмірінде теледидардың алатын орны үлкен. Телевидение көптеген әлеуметтік жобаларға атсалысып, қатысып келеді және БАҚ-ның оған үлес қосатын өзіндік бір әлеуметтік рөлі бар. Біздің мақсатымыз бұл күні мерекені тойлаумен бірге, қоғамға «қайырымдылық жасау керек» деген біздің халқымызға тән құндылықтарды дәріптеп, насихаттауымыз қажет. Наурыз мерекесі кезінде ертеде жоқ- жітікке, отау тіге алмай жүрген жастарға, тіпті жалшы-жақыбайға дейін көмектесіп, қол ұшын беретін. Сондықтан біз, ата-баба дәстүрін сақтай отырып, екі балаға көмек көрсету мақсатында бүгін қайырымдылық акцияны ұйымдастырып жатырмыз», деп атап өтті Сауле Жиреншина. Оның айтуынша, «Жан жылуы» хабар соңынан еліміздің әр аймағынан редакцияға телефон қоңыраулары келіп түседі. "Шалғайдағы ауылдардан телефон соғып, көптеген жанұялар тағдырдың әр түрлі жағдайына ұшыраған жетім балаларды асырап алғымыз келеді дейді. Хабар шыққалы жарты жылдың ішінде төрт бала өздерінің жаңа отбасыларын тапты", деді ол.

Шараға атсалысушы еліміздің халық әртісі Ескендір Хасанғалиев: "Мүмкіндігі бар әрбір қазақстандық көмекке зәру адамдарға көмегін аямау керек", деп атап өтті.

Акцияға Қазақстан эстрада жұлдыздары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Әртістер әнмен шашу шашып, келушілер қаржылай екі балаға өз көмектерін көрсетті.